КІТАПХАНА – РУХАНИ ҚАЗЫНАНЫҢ ҚАЙНАР БҰЛАҒЫ
Мерей Қарт
Абай атындағы облыстық әмбебап кітапханасының директоры
«Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана» деп заманымыздың кемеңгері Ә.Кекілбаев айтқандай, әр өңірде, әр жерде мәдениет ошағы – кітапханалар жұмыс жасауда. Солардың ішінде бірегейі емес, бірі деп айтатын кітапхана – Абай облысы, Семей қаласында орналасқан Абай атындағы облыстық әмбебап кітапханасы. Аталмыш кітапхананың тарихы тереңде… 140 жылдан астам тарихы бар кітапхана, ең алғашында 19 ғасырдың соңында, нақты айтсақ 1883 жылы 3 қазанда қоғамдық кітапхана болып құрылады. Кітапхана іргетасының қалануына сол уақытта саяси жер аударылғандар Е.П.Михаэлис, В.Н.Филиппов, М.И.Суворцев, С.С.Гросс, заңгер А. Леонтьев, суретші П.Д.Лобановский, зиялы қауым өкілдері, өлкетанушыларГ.Колмагоров, И.Земляницын көмек қолын созып, ұйымдастырған. Адам ақыл ойының айнасы болар кітапхананы ол кезде ашу оңайға соқпайды. Газет беттерінде ашылу туралы хабарландырулар беріліп, көп еңбектің арқасында қаланың бас көтерер шенеуніктері, оқыған қауым, шіркеу қызметкерлері қатысып, салтанатты түрде ашылу рәсімі өткізіледі.Қалада кітапхана ғимараты бола қаларлық қолайлы орын болмағандықтан, бұл кітапхананың бір жерден орын тебуі де қиыншылық туғызады… Саяси жер аударылып келіп, Семейде өмір сүріп жатқан, Санақ комитетінің хатшысы қызметіндегі Е.П.Михаэлис жергілікті өлкетанушы И.Земляницыннан оған ата-анасынан мұраға қалған үйді өтіне отырып, жалға алады.Бұл кітапхананың өмірге келуіне, іргелі мәдениет ошағына айналуына Е.П.Михаэлис қызмет етіп жүрген Облыстық Санақ комитеті және сол кезде Облыстық Басқармада қызмет еткен, кейіннен қазақтан шыққан тұңғыш дәрігер Ә. Айтбакин ерекше қамқорлық танытады. Кітапхананың қала тұрғындары мен саяси жер аударылғандар және сол уақытта 1883 жылдың 3 қазаны Алаштың астанасы – Семей үшін мәдениеттің өркендеуінің нысаны болды десек артық айтпаймыз. Сөзіміздің дәлелі ретінде айта кетсек, кітапхана мен қоса Семей өлкетану мұражайы да ашылады. Осы кітапхана мен мұражайды басқару үшін арнайы түрде Санақ комитеті мүшелері мен қалалық училище мұғалімдерінен құралған комиссия жасақталады.
Кітапхана ұйымдастырушылардың алдында ендігі сәтте, кітап толықтыру жұмыстары тұрған еді. Көп ұзамай Санкт-Петербург қаласынан арнайы түрде жаздырып, Л.Н.Толстой, С.М.Соловьев, В.Ф.Одоевский, Н.П.Огарев, А.Н.Плещеев шығармалары алдырылады. Осылайша көпшілік қоғамдық кітапхананың өмір тынысы басталып кетеді. Білімнің қайнар көзіне айналған кітапханаға күн арта келушілер саны көбейе түседі.
Мәселен, 1894 жылы Семейдің көпшілік кітапханасының оқырман саны -130, ал білім деңгейіне қарай: 30 жоғары білімді, 38 орта білімді, 41 бастауыш білімді және 21-і оқырман үйінде білім алғандар болып топтастырылды. Оларды ұлтына қарай топтасақ: 111 орыс, 9 поляк, 1неміс, 5 еврей және 4 қазақ болған екен. Осы оқырмандар қатарында, ұлтымыздың ұлы ақыны Абай Құнанбаев та бар болатын. Ол қалаға өзі келіп, кітапханаға ат басын бұрып, орыс классиктерінің шығармаларын бас алмай оқыған. Осы кітапхананың оқырманы болып , ұйымдастырушы Е.П.Михаэлиспен танысып, кейіннен достасып кетеді.
Мәдениет ошағының жұмыс уақыты кешкі 9.00 ге дейін болғанымен, түн жарымға дейін жұмыс жасауларына тура келген. Өйткені бұнда оқуға, ғылымға құштар жандар көп еді… Кітапхана мен мұражай далалы аймақтағы ең ірі мәдениет ошағы ретінде алдыңғы қатарлы ақыл-ой иелері бас қосатын әдеби ортаға айналады. Уақыт өте келе ұйымдастырушылар кітапхана қорын толықтыру үшін халыққа үндеу тастап, жергілікті халық және жан-жақтан көмек қолын созушылар табыла бастайды. Сол уақыттың өзінде адамдар үйлерінде сақталған сирек кездесетін кітаптарды тапсырып, арнайы тұрғыда да кітапхана қоры толықтырылып тұрған. Бұл ғасырдан артық жасаған кітапханамыздың аздаған тарихынан сыр шертетін азды –кемді мәлімет. Жалпы кітапхана өмірінде айтар жаңалықтар баршылық. Уақыт өте келе қоғамдық кітапхана орыс жазушысы
Н.В.Гогольдің өмірден озғанына 50 жыл толуына орай, яғни 1902 жылы Н.В.Гоголь атындағы Семей облыстық кітапханасы болып аталып, ал 1992 жылы 8 желтоқсанда ҚР Министрлер кабинетінің шешімі бойынша кітапханаға қазақтың кемеңгер ақыны — Абай Құнанбайұлының есімі берілді. Кітапханада Семеймен өмірі тығыз байланыста болған қазақтың маңдайалды азаматтары М. Әуезов, Қ.Сәтбаев, Қ. Мұхамедханов, Ә. Нұршайықовтар осы кітапхананың оқырманы болған.Ұлы Абайдың есімін арқалап келе жатқан кітапхананың қай жылдарда да ауыз толтырып айтарлық жеткен жетістіктері мен жаңалықтары баршылық. Жақында ғана қала әкімі Нұрбол Нұрсағатов өзі келіп, уақыт бөліп «Семейден ескен самал» атты ақындар антологиясының тұсауын кесті.
Бір мақалаға ғасырдан үлкен кітапхананың тарихының өткені мен ертеңін сыйғыза қоям деу артық болар… Бұл жазғанымда басты – басты деген тарих беттеріндегі нақты деректерді айтуға тырыстым. Кітапхана тек қана гүлдену бағында болды десем артық болар, оның да өз басының қиындықтары болды… Оны өткеннің еншісіне қалдырайық…
Бүгінде кітапхана жаңашылдық пен заманауи дамуға бет бұрған. Жоғары жылдамдықтағы ғаламтор желілеріне қосылған. Ы.Алтынсарин айтпақшы «Айшылық алыс жерлерден, көзді ашып жұмғанша» жылдам хабар алып отырмыз десек болады. Оған мысал кітапханадағы онлайн өткізілген шаралар, кітапханалар арасындағы қарым-қатынас, әріптестік кездесулер т.б.Осы уақытта оқырмандар тілегін қамтамасыз ету үшін кітапханалық автоматтандырылған ақпараттық жүйе РАБИС жүйесі жұмыс жасап тұр. Осы арқылы электрондық каталогқа, «Абай», «Әуезов М.», «Шәкәрім», «Мұхамедханұлы Қ.», «Сирек қор», «Семей», «Әдістемелік материалдар», «Президент Жолдауы» мәліметтер базаларына кітапхана қорындағы кітаптар мен мерзімді басылымдар беттеріндегі мақалалардың библиографиялық сипатамасы енгізіліп отырады.Кітапханада ҚР құқықтық ақпарат орталығы арқылы «Заң» мәліметтер қоры күнделікті жаңартылып, толықтырылып отырады. Абай кітапханасының тағы бір ерекшелігі, мақтанышымыз бұл — сирек қорлар. Кітапханадағы сирек қазына қоры XYIII ғасырдың соңынан XX ғасырдың басына дейін жария көрген бес жарым мыңға жуық сирек басылымдардан тұрады. Ресейдің Санкт-Петербор, Мәскеу, Омбы, Том, Қазан қалалары, сондай-ақ, Тәшкенде, Қазақстанның Орынбор, Қызылорда, Алматы қалаларында және Семейдің Облыс басқармасының, Жәрдем және көпес Плещеевтің Сауда Үйі баспаханаларынан кириллица, латын, араб қарпімен жазылған сирек кітаптар мен мерзімді басылымдар кітапхананың алтын қорын құрайды. Бұнда Алаш қайраткерлерінің көзінің тірісінде жарық көрген еңбектері, Абайдың қолының табы қалған кітаптар сақталған. Кітапхананың сирек қоры Қазақстан Республикасы Ұлттық Академиялық кітапханасы мен Шығыс Қазақстан облыстық А.С. Пушкин атындағы кітапханасында сандық жүйеге енгізіліп, Қазақстанның Ұлттық электронды кітапханасының (www.kazneb.kz) қорына енгізілген.
«Мәдениеттің мәйегі – кітап» деген Шерхан Мұртаза ағамыздың қанатты сөзі бар. Кітапхана да осы қағиданы алға тартады. Сөзіміздің дәлелі ретінде соңғы уақыттағы кітапханада үлкен істерді айтсақ… Бұл бес жылға негізделген «Абай жолы» кітапханасы жобасы.Аталмыш жоба Жазушылар Одағы Семей Филиалының ұсынысымен облыс әкімі Н.Ұранхаевтың қолдауымен жарық көріп отыр.Кітаптар топтамасы жобасын құру Қазақстанның мәдениеті мен әдебиетінің дамуына ықпал етуге, туған өлкемізден шыққан ұлы тұлғаларымыз бен ақын-жазушыларымыздың туындыларын қайта жаңғыртып шығаруға, тұлғаларымыздың атын әйгілеуге, көркем әдебиет арқылы жастарды рухани әлемге тәрбиелеуге бағытталған.Топтаманың алғашқы басылымы 2023 жылы Астана қаласындағы «Фолиант» баспасынан 16 кітап әрқайсысы 500 данамен жиыны 8000 дана жарыққа шықты.
Бұл жоба аясында: Хакім Абайдың «Шығармалары», Шәкәрім қажы шығармаларының репринттік басылымы, ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің «Абай Құнанбаев» монографиясы, Несіпбек Айтұлының «Есіл де есіл, есіл күн…», Бауыржан Жақыптың «Қарауылтөбе» және Төлеужан Ысмайыловтың «Өмір гүлі», Ырысхан Мұсаұлының «Аға сұлтан», Тұрсын Жұртбайдың «Дәрілқарап», Толымбек Әбдірайымұлының «Ақ кептер», Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар», Думан Рамазанның «Көш» сынды кітаптары, сондай-ақ, Ақтамберді жырау, Дулат ақын мен Абайдың ақын шәкірттері Ақылбай, Мағауия, Турағұл, Кәкітайдың шығармалары енген «Жыр жауһарлары» жыр жинағы, «Білгенге маржан» атты абайтануға байланысты мақалалар жинағы, Абайдың қайраткерлік тұлғасын көрсететін материалдар мен қоғамдық кітапханаға қатысты материалдар енген «Абай кітапханасы сирек басылымдарда» жинағы, Семей облыстық Статистика Комитеті мен Императорлық Орыс Географиялық Қоғамы Батыс-Сібір Бөлімінің Семей Бөлімшесінің зерттеулері енгізілген «Хранитель истории» жинағына енген әдеби шығармалар мен ғылыми-зерттеулер жарық көрді.
Бұл кітаптардың тұсаукесерін үлкен дәрежеде тойладық десек болады. Кітаптар тұсаукесерінің тағы бір ерекшелігі кітап авторлары Тұрсын Жұртбай, Бауыржан Жақып, Толымбек Әбдірайым сынды белгілі қаламгерлерлер және Несіпбек Айтұлының ұлы Нұрат Несіпбекұлы арнайы шақырылып, қатысты.
Қазіргі уақытта «Абай жолы» кітапханасы жобасы аясында жарық көрген шығармалармен облысымызға қарасты кітапханалардың қоры толықтырылды. Ал виртуалды оқырмандар кітаптардың толық нұсқасымен Қазақстанның Ұлттық электронды кітапханасының қорынан және Абай атындағы облыстық әмбебап кітапханасының https://semeylib.kz сайтынан оқи алады.
Астана қаласында өткен «EurasianBookFair – 2024» VII — Еуразиялық халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесіне «Абай жолы» кітапханасы жобасы да әдеби экспозициясымен қатысып, тарихи кітапхана қорындағы көне жәдігер – кітап ескерткіштері- Абай, Шәкәрім, Мұхтардың көзі тірісінде олар туралы жазылған сирек дереккөздер көпшілікке ұсынылды.
Әдеби экспозицияның «Абай, Шәкәрім сирек басылымдарда» бөлімінде кемеңгер ақын Абай мен сахара ойшылы Шәкәрімнің қайраткерлік тұлғасын ашып көрсететін сирек өлкетану басылымдары көрініс тапты. Сонымен қатар жас қаламгер М.Әуезовтың тұлғалық қасиетін танытатын түпнұсқалар көрмеден орын алды.
«Сирек басылымдардағы Әуезов шығармалары» бөлімі Абайдың көркем әдебиеттегі бейнесін сомдайтын «Абай жолы» эпопеясының мерзімді басылымдар беттерінде жарияланған алғашқы үзінділерімен және эпопеяның 1945, 1948, 1949 -1950 жылдардағы толық нұсқасымен таныстырылды.
Әдеби экспозицияның үшінші бөлімінде облыс әкімі Н.Ұранхаевтың қолдауымен 2023 жылы жүзеге асырылған «Абай жолы» кітапханасы жобасы аясында жарық көрген өңір авторларының шығармалары қонақтардың назарына ұсынылды.
«Жақсыны көрмекке» дейді дана халқымыз. Елімізде болып жатқан кітапхана тынысына байланысты маңызды шаралар да назардан тыс қалмайды.Астана қаласында 18 елден өкілдер қатысқан «Біріктіру, ынтымақтастық және құру: кітапханалық бірлестіктер мен серіктестіктерді дамыту мамандығымыздың болашағының кепілі» тақырыбындағы академиялық кітапханалардың Еуразиялық конференциясына әріптесіміз қатысып қайтты Қайырымдылық күні аясында кітапханамызда «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының бірыңғай қайырымдылық операторы – «Samruk-Kazyna Trust» қоры қаржылай қолдау көрсетіп, «Кемелді қадам» қоғамдық қоры балаларға арналған заманауи кеңістіктердің салтанатты түрде ашылуы болды.
Балаларға арналған кеңістіктер заманауи үстел, орындықтар, сурет салатын ыңғайлы мольберттер, кітап сөрелері мен жұмсақ жиһаздар, арнайы кітап сөрелері, ноутбуктер, проектормен жабдықталса, инновациялық робототехника зертханасы компьютерлермен, ноутбуктермен, проектор, сканер, 3D-принтер, робот, конструктор сынды робототехниканы үйренуге арналған жинақтар, интерактивті үстелдермен қамтамасыз етті.
Астанада өткен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына біздің кітапхана да өз үлесін қосты. «Көшпенділер Әлемі» этноауылында«Ғасырлармен үндескен асыл қазына» атты сирек қорлардан тұратын әдеби экспозиция жасақталды.Шара қонақтарына данышпан ақын үшін таным баспалдақтары болған құнды мұралар, Абайдың қайраткерлік тұлғасын көрсететін басылымдар мен Алаш қайраткерлерінің көзі тірісінде жарық көрген кітаптар ұсынылды.
Арнайы сирек дереккөз-түпнұсқа әдебиеттерден ұйымдастырылған көрмеден Абайдың көзі тірісінде ол туралы жазылған басылымдар көрініс тапты. Ақын өзі мүшесі болып, жұмысына араласқан Семей облыстық Статистика Комитетінің, Бастауыш білім беру қоғамының, Императорлық Орыс Географиялық Қоғамының Семей Бөлімшесінің «Есептері…», «Запискилері…», «Памятная книжкалары…» сияқты ғылыми басылымдар таныстырылды. Келушілер халқымыздың бай мәдениетімен және көшпенді халықтардың ерекшеліктерімен танысуға мүмкіндік алды. Сирек қорларға ерекше ынта білдірді.
Жыл сайын «Kitap Time» жалпы республикалық кітап фестивальына қатысамыз. Биыл да «Kitap Time — 2024» ІIІ жалпы республикалық кітап фестивалі ұйымдастырылды. Фестиваль аясында келушілерге «Абай жолы» кітапханасы – жауһар туындылар» , «Семей ақын-жазушылары» атты кітап көрмесі , «Балаларға базарлық» ретінде «Менің сүйікті кітабым», «Мен туған өлкеде» атты кітап көрмелері мен «Авель» студиясы мүшелерінің қатысуымен «Күз көрінісі» тақырыбында сурет көрмесі таныстырылып, жергілікті кітап дүкендерінің«Кітап — асыл қазына» атты кітап сатылымы осы шарадан көрініс тапты.Сонымен қатар, танымал ақындармен жарқын жүздесу бағдарламасы, «Талантыңмен танысам» атты қолөнер шеберлерімен кездесу аясында шеберлерден, «Сиқырлы қылқалам» үйірмесінің бастамасымен «Туған қалам — Семейім» тақырыбында әртүрлі шеберлік сағаттары ұйымдастырылды.
Кітапхана қала тынысымен ерекше тығыз байланыста. Қала күні, қала тарихына байланысты әр уақытта әртүрлі іс-шаралар ұйымдыстырылып тұрады. Соның бір айғағы, қала күнін мерекелеу аясында, Семей қаласы әкімінің қолдауымен, ақын М.Қарттың құрастыруымен «Семейден ескен самал» Семей ақындар антологиясы жыр жинағының тұсаукесері өткізілгені. Ақын профессор Б.Жақып қазақ халқының ұлттық руханияты нығайып келе жатқанын жеткізе отырып, Семей ақындар антологиясына жоғары баға берді.Жинаққа Абай облысы өңірінен шыққан, осы өңірдің төл перзенттері қазақ поэзиясы өкілдерінің таңдаулы өлеңдері, һәм танымал ақындары С. Дүйсенғазы, Т.Ешен, Д.Берікқажы, Д.Кәпұлы, А.Елгезек, Қ.Сарин, С.Қамшыгер, М.Қарт, Б.Игілік, О.Қасым, А.Шеризат, Е.Жұмабекұлы, Б.Ахмер, Н.Байтөс т.б. ақындардың таң шығындай мөлдіріген, өткір тілімен ерекшеленетін лирикалары енген. Бұл да кітапхана жетістігі!
Кітапқа, кітапханаға бой ұсынбайтын дана да данышпан да бұл әлемде жоқ десек артық айтқанымыз емес. Қай саланың маманы болсын білімі мен біліктілігін осы бір кітаптан алады. «Кітап — өмір ұстазы. Сондықтан жастар кітап оқуды күнделікті әдет қылуы тиіс. Кітап оқымай өмірді білу, білім алу мүмкін емес» деп атақты өнер иесі С.Қожамқұловтың сөзімен аяқтағым келеді. Білім ошағы – кітапханамен дос болыңыздар, ағайын!