АБАЙ МҰРАСЫ – ХАЛЫҚ ҚАЗЫНАСЫ

«Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығы» республикалық мемлекеттік қазынашылық кәсіпорнының директоры Ұлан Болатұлы Сағадиев журналымызға арнайы сұхбат беріп, бүгінгі таңдағы Абай шаңырағының тыныс-тіршілігі жайлы ой толғаған болатын. Кейіпкеріміз жөнінде шағын ақпарат бере кетсек, Ұлан Болатұлы елімізге танымал ақын, шығармалары бірнеше жыр жинақтарында жарияланған. І Республикалық Абай оқуларының Бас жүлде иегері. Бірнеше рет республикалық және халықаралық жыр мүшәйраларына қатысқан  жүлдегер. «Абай ауданына – 90 жыл» мерейтойлық төсбелгінің иегері. Абай ауданының ішкі саясат бөлімінде, Шығыс Қазақстан облысы мәдениет басқармасында, Алматы облысы бойынша сауда департаментінде басшысылық қызметтерді атқарған.

Құрметті Ұлан Болатұлы, сіз басшылыққа келгеннен бастап, музейде ерекше тыныс-тіршілік, өзгерістер орын алып жатқанын байқадық. Әрине, музей ісі қанша дегенмен ұжымдық жұмысты дұрыс басқара білу екені де белгілі. Осы ретте өздеріңіз ұйымдастыруға мұрындық болған тарихи тұлға, көрнекті қоғам қайраткері, аға сұлтан Құнанбай Өскенбайұлының 220 жылдығына арналған игі шараларыңыз туралы да оқырмандарымызбен бөлісе отырсаңыз, жалпы жиын қалай өтті?

— Рақмет, мен үшін Абай музейінің басшылығында болу үлкен жауапкершілігі бар жұмыс деп есептеймін. Себебі ақын мұрасын көздің қарашығындай сақтап қана қоймай, өсиетіне адалд қызмет етуді қажет етеді. Абай – ұлы тұлға, оның еңбектерін, рухани мол мұрасын халыққа насихаттау шын мәнінде аса зор тиянақтылықты, жауапкершілік пен білімді талап етеді. Ал осы уақытқа дейін бірқатар білікті басшылар музей жұмысын жандандыруға, ақын мұрасын насихаттауға үлкен еңбек сіңірді, өзінің таным-түйсігімен, қарым қабілетімен аянбай қызмет етті деп білемін.

Дала данышпаны Құнанбай баба жайлы айтар болсақ биыл 2024 жылдың 14 маусымында Shakarim University, Абай облысының, Абай ауданының әкімдігі және біздің Абай музей-қорығы бірлесіп, тарихи тұлға, көрнекті қоғам қайраткері, аға сұлтан Құнанбай Өскенбайұлының 220 жылдығына арналған «ҚҰНАНБАЙ ӨСКЕНБАЙҰЛЫ: ТҰЛҒА, ТАРИХ, ФЕНОМЕН» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясын өткізді. Конференция Семей қаласының Shakarim University-нен бастау алып, музейде секциялық жұмысы жүзеге асырылды. Конференцияда Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов, ҚР ҰҒА академигі Ғарифолла Есім, жазушы, қоғам қайраткері Бейбіт Сапаралы құттықтау лебіздерін білдірді. Профессор-ғалымдар Арап Еспенбетов, Тұрсын Жұртбай, Сомунжуоғлы Бекір Түмен (Түркия), Ислам Жеменей, Ахмет Тоқтабай, Жовлиев Жавлонбек (Өзбекстан), Әсет Мырзақасым, Жандос Каринбаевтардың аға-сұлтан Құнанбай қажы туралы салалы, салмақты баяндамалары тыңдалды. Екінші күні Абай ауданы жоғары дейгейде ұйымдастырған театрландырған мәдени, спорттық шаралары, Абай музейінің «Алашқа даңқы шыққан Ер Құнанбай» көрмесі, ақындар мүшайрасы сынды ауқымды іс-шаралармен жалғасын тапты.

— Ұлан Болатұлы, расымен де бұл ғанибет іс екен. Құнанбай Өскенбайұлының тұлғасын келер ұрпаққа таныстыру бүгінгі ғалымдарымыздың, әдебиетші, тарихшыларымыздың мойнындағы шаруа екені рас. Дегенмен, осы ретте Абайға қайта оралсақ, жыл сайын ұлы ақынды насихаттауға байланысты шаралар легі өтіп жатады екен. Соның біріне тоқтала кетсеңіз.

— Иә, әрине, біздің музейдің басты міндеті – Абайдың өмірі мен шығармашылығының мол мұрасын келушілерге жеткізу, рухани құндылықтарды сіңіру. Жоспарға сәйкес Абай мұрасын барынша танытуға арналған іс-шараларымыз алуан түрлі. Сол іс-шараларымыздың негізгісі – көрме жұмыстары. Әр көрме ғылыми-зерттеу жұмыстарын, саралауды, сараптауды, уақытты қажет етеді. Биылғы жылы Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Адамзаттың Абайы» жылжымалы көрмесі, суретші Ә. Қастеевтің 120 жылдық мерейтойына орай «Әбілхан Қастеевтің Абай әлемі» (Абай музейі қорынан) көрмесі, Т. Көбдіковтің 140 жылдығына арналған «Абай сөзін жүрегіне сақтаған» көрмесі, Құнанбай Өскенбайұлының 220 жылдығына арналған «Дара тұлға» көрмесі, Абай Құнанбайұлының дүниеден өткеніне 120 жыл толуына орай «Өлмейтұғын артына сөз қалдырған» атты көрмелер көрермен тарапынан жоғары бағаланып, қызығушылыққа ие болды.

Және біз тек студенттер мен мектеп оқушылары ғана емес, тіпті кішкентай бүлдіршіндерді де Абай мұрасына жас ерекшеліктеріне сай тартуды қолға алып отырмыз. Осыған орай Семей қаласының білім бөлімімен бірлесіп өткізілген Аймақтық XIV «Абайды оқы, таңырқа…», «Менің Абайым» онлайн байқауы, бүлдіршіндер арасындағы «Әсемпаз болма әрнеге» сайысы, «Абайдан сабақ алдым бала жастан…» атты Көкбай оқулары, «Әсет оқулары», «Шәкір оқулары», «Кәмен оқуларын» атап өткім келеді.

18 сәуір – Халықаралық ескерткіштерді қорғау күніне және Абай Құнанбайұлының 1909 жылы шыққан тұңғыш шығармалар жинағының
115 жылдығына орай Shakarim University-нің «Абай және ұлттық руханият» ғылыми-зерттеу орталығымен бірлесіп ұйымдастырылған «Абай Құнанбайұл

 

ының тұңғыш шығармалар жинағына 115 жыл» атты дөңгелек үстелде тұңғыш шығармалар жинағының ғылыми маңыздылығы, тарихы, құндылығы талқыланды.

ҚР Мәдениет және ақпарат министрінің қолдауымен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетімен өзара ынтымақтастық меморандумы аясында «Абай мұрасы және заманауи музей: таным, білім-ғылым және тәрбие тоғысы» тақырыбында дөңгелек үстелге ҚР Мәдениет және ақпарат министрінің кеңесшілері мен ғалымдар қатысты.

Мектеп мұғалімдерін де тыс қалдырмадық. Биыл алғаш рет Семей қаласының Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі, Семей қаласының білім бөлімімен бірлесіп мектеп мұғалімдері арасында «Абай және Алаш руханияты» атты жобалар сайысы, Облыстық білім басқармасымен бірлесе отырып мектеп мұғалімдері арасында «Абайтануды оқытудың ерекшеліктері» атты облыстық әдістемелік-семинар өткіздік.

18 мамыр – Халықаралық музейлер күніне орай «Музей түні» шарасы ұйымдастырылды. Бұл шараның ерекшелігі музейді көруге ынтық, бірақ жұмыстан қолдары босамайтын азаматтар үшін таптырмайтын мүмкіндік. Өйткені музей көрермендерін 23:00-ге дейін қабылдайды, адамдар  жанұясына жақсы демалыс сыйлай алады. Осы шара аясында Абай ауданы әкімдігінің бөлімінің қолдауымен «Қаламқас» халық ән-би ансамблі театрландырылған қойылымы мен Абай әндерін әуелетті. М.Әуезов музей-үйінде музей қызметкерлері арасында өткен «Абай мұрасы және М.Әуезов» әдеби квест қызметкерлерді бір серпілтті.

10 тамыз — Абай күніне арналған «Онкүндік» іс-шарамыз аясында: музей қызметкерлері ақын өлеңдерін оқып, «Ұлылардың ұлысы – Абай» интерактивті экскурсиялары, «Талап қыл артық біл

 

уге» поэзия сағаты, мемлекеттік қызметкерлер арасында «Абайды білмек парыз ойылы жасқа» атты әдеби квизі, кітап көрмесі, Абай ауданы жастары арасында  Абайдың музей-үйі бөлімінде «Кел жастар, біз бір түрлі жол табалық» әдеби квесті, Кәмен Оразалин музей-үйінде «Абайды оқы, таңырқа…» жыр сайыстары сабақтасып өтті. Бұлар өткізіліп жатқан іс-шаралардың бір парасы ғана.

— Биыл ұлы Абайдың немере інісі, ақын шәкірті Шәкәрім Құдайбердұлының туғанына 166 жыл толып отыр. Абай мен Шәкәрімнің әрі ағалы-інілі әрі ұстаз бен шәкірт ретіндегі шығармашылық байланысы жайлы не айтар едіңіз?

— Ақынның туған ағасы Құдайбердіден туған Шәкәрім қажы – Абайдың әрі інісі, әрі шәкірті, қазақ қоғамына аса қажетті философ тұлға. Ұлы ойшыл, дана тұлғаның мұралары мен өмір жолын насихаттауда музейде жыл басынан бері жоспарымызға қойылған. Әсіресе, Шәкәрім Құдайбердіұлының шығармашылығын жасөспірімдер арасында насихаттап «Шәкәрім даналығы» білім сайысымыз өткізілді. Және тағы бір айтар мәселе, Абай музейіне әлемнің түкпір-түкпірінен келіп, тамашалайтын көрермендеріміз де біледі, Шәкәрім атамызға арналған көрме бөлімі бар.

Сондай-ақ, Жидебайда Шәкәрімнің Саят қорасы жасалынып, тарихи тұрғыда жабдықталған. Және біздің музейде Шәкәрім өміріне арналған көрменің ашылуы да ұйымдастырылды. Шәкәрімнің шығармалары, философиялық ой-тұжырымдары қазіргі уақытта халыққа өте қажетті дүние, мол мұра. Біздің музей қызметкерлері соны насихаттау барысында тарихи деректерді  молынан қамтуға тырысудамыз.

— Біз Абай дегенде Алашты да, оның ақын шәкірттерін де еске аламыз. Қазіргі таңда Абай музейінде тағы да қандай тың дүниелер легі  ұйымдастырылып жатыр? Бұл сұрақты қойып отырған себебіміз, сіздерге келетін де, яғни келуге мүмкіндіктері бар қала тұрғындары да бар, келе алмай жатқ

 

ан алыс ауылдағы ағайындар да бар.

— Музей – халқымыздың рухани асыл қазыналарын жинақтап, өткен мен бүгінді жалғап отырған ғылыми-мәдени, рухани мекеме болғандықтан,  музей қорына музей заттарын жинау, зерттеу, зерделеу, оны көрмеге шығару, ғылыми мақалалар шығару іспетті сабақтасқан  әрекетті талап етеді.

Биылғы жылы 18 мамыр – Халықаралық музейлер күніне орай «Абай музейінің хабаршысы» журналын қайта жаңғыртып, биылғы жылғы бірінші санын шығардық. Музей қызметінде ғылыми-зерттеу орталықтары, архив, музей, кітапхана, жоғары оқу орындары, колледж, мектеп, тағы басқа мекемелермен шығармашылық байланыс орнату аса маңызды. Биылғы жылы Павлодар облысы Бейнелеу өнер музейі, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетімен және Ресей Федерациясы Л.Н.Толстойдың «Ясная Поляна» музей-усадьбасы» мемлекеттік мемориалдық және табиғи-қорығымен, Беларусь мемлекетінің Якуб Колас және Янка Купаланың мемлекеттік әдеби-мемориалдық музейлерімен өзара ынтымақтастық меморандумы жасалды. Меморандумдар аясында көрмелер, ғылыми конференциялар, семинар өткізу барысы талқыланды. Көктемде Қызылорда халқына «Абай әлемі» атты жылжымалы көрмемізді көрсетіп қайттық.

Жақында ғана Астана қаласында дүркіреп өткен V Көшпенділер ойындарында Абай облысы әкімдігінің қолдауымен «Ұлылар мекені» атты көрмеміз ұсынылып, алыс-жақыннан келген туристерге, еліміздің түпкір-түпкірінен келген қонақтарға Абай мұрасы, оның өсиеті жайлы ақпарат ұсындық. Осы орайда Абай облысының әкімдігі, облыстық мәдениет басқармасы музейдің, оның ішінде Абай мұрасының насихатталуына үлкен мән беріп, қолдау көрсетіп келе жатқанын айта кеткеніміз орынды.

«Alikhan Bokeikhan

 

University»-мен бірлесіп «Музей қызметіндегі инклюзия мәселелері» атты музей қызметкерлеріне арналған біліктілік арттыру семинары, «Ғылым күніне» орай «Alikhan Bokeikhan University»-мен «Әлихан Бөкейхан және Алаш Орда мұрасы: Тұлға. Тарих. Уақыт» атты ғылыми-теориялық семинары өткізілді.

Қазақстанның мәдени өміріндегі айтулы оқиғалардың бірі А.С.Пушкиннің 225 жылдығына орай «Абай және Пушкин. Ұлылар үндестігі» көрмесі ұйымдастырылды. Ең бастысы, Абай тек қана Абай емес, ол ең алдымен әлем Абайы, халықаралық деңгейдегі тұлға екенін ұмытпауымыз керек. Екі ұлы әдебиет данышпандарының шығармашылығын біріктірген тамаша көрме болды. Көрмеге Қоғамдық келісім орталығы-облыстық «Достық үйі» өкілдері арнайы шақырылды.

— Ұлан Болатұлы, сіз өте дұрыс айтасыз, халықтар арасындағы ұлттық-достық байланыс біздің Ата Заңымыз – Конституцияда, яғни Тәуелсіз Қазақстанның заңнамасында нақты көрсетілген. Осы ретте Абай атамыз да «Қарамола жарғысын» жазды ғой. Осыған да тоқтала кетсеңіз.

— Абай жазған «Қарамола жарғысы» – қазақтың ұлы ақынының  ойшыл әрі заңгер ретіндегі философиялық-адамгершілік көзқарастарын көрсететін маңызды мәдени-тарихи құжат. Бұл мәтін дәстүрлі қазақ қоғамындағы әлеуметтік-мәдени нормалардың қалыптасуына негіз болады. Абай өз халқының ағартылуына ұмтыла отырып, тәрбиенің, әділеттіліктің, адамгершілік қағидалардың маңыздылығын атап көрсетеді.

«Қарамола жарғысында» Абай дәстүр мен заман шындығы арасындағы үндестік туралы ой-пікірлерін түсірген. Ол қоғам алдындағы жеке жауапкершіліктің маңыздылығын айта отырып, қазақ өзін-өзі жетілдіруге шақырады. Шығарманың қарапайым және қолжетімді тілі оны әрбір оқырманға жақын етеді, бұл Абай идеяларының біздің заманымызда өзектілігін сақтауға мүмкіндік берді.

— Рақмет, алдағы уақыттағы жоспарларыңызбен бөлісе кетсеңіз.

— Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі музей ісін жандандыруға байланысты бірқатар тапсырмалар қойып отыр. Ол музейдің Абай мұрасына байланысты басқа да ұйымдармен байланысты арттыру, жаңа заманға сай қызмет көрсету, Абай мұрасын ұрпақ санасына жеткізудің, қызықтырудың әртүрлі тәсілдерін іске қосу болып табылады. Біздің міндет – музей потенциалын осы мақсатты жұмсап, жаңашылдықпен еңбек ету. Келер 2025 жылАбайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік музей-қорығы үшін айтулы жыл болмақ. Абай Құнанбайұлыны 180 жылдығы және музейіміздің құрылғанына 85 жыл толмақ. Осы мерейтойларға орай Шәкәрім университетімен бірлесіп 10 тамызда халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастыру, «85 игі іс-шара», баспа өнімдерін шығару және бірқатар ұрпаққа мұра болып қаларлық шаруаларды ұйымдастыруды көздеп отырмыз.

Бұл жұмыстарды жүзеге асыру үшін аймағымыздың аға буыны, мәдениет майталмандары, музей ардагерлері, зиялы қауым өкілдерінен «ақылдастар алқасын» құрып, келісіп пішу жұмыстарын қолға алып жатырмыз. Әрине, жоспарымыз, бастамаларымыз жетерлік, «арық айтып семіз шықсақ» дейміз, тек осы жұмысты музей қызметкерлері болып, ел болып жүзеге асыру алдағы күннің еншісінде.

-Әңгімеңізге рахмет!       

Сұхбаттасқан Раушан Нұғманбекова, журналист.